Ауғанстанда той кезінде болған лаңкестіктің салдарынан 20-дан астам адам қаза болды

АСТАНА.  Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат - Ауғанстанның  оңтүстігінде     қанды  оқиға   орын  алды.     Тойға   жиналған қауым  лаңкестік әрекеттің  құрбаны  болды,

деп  хабарлайды ҚазАқпарат  ИТАР-ТАСС агенттігіне  сілтеме  жасап.

Полиция  мәліметтері  бойынша,      той шеруі өтіп  бара жатқан кезде  жолдың   шетіне  қойылған   бомба  жарылысынан  21 адам  қаза тапты.  Гильменд  провинциясында  болған бұл оқиғаның салдарынан   қаза болғандардың   ішінде әйелдер мен  балалар бар.  Тағы   5 адам  ауыр   жарақатпен  ауруханаға   түскен.

«Талибан»  режимі   тағынан тайдырылған  2001 жылдан бері,  биыл Ауғанстанда  зорлық-зомбылық   тым күшейіп   кетті.     Ағымдағы жылдың  бірінші  жартыжылдығында    елде    1 мыңнан астам бейбіт    халық    қаза  тапты.   Шілде айында    коалиция  күштерінің  шығыны   70  адамды құрады - бұл    соғыс басталғалы бергі коалиция  қатарындағы  ең  үлкен шығын.