Тергеу барысында ер кісі өзінің Қазақстаннан екендігін айтқан. «2017 жылдың 19 қаңтар күні Ауғанстанның Сари-Пуль провинциясында жергілікті құқық қорғау органдары лаңкестік әрекет жасады деген күдікпен 1989 жылы Атырау облысында дүниеге келген Қазақстан Республикасының азаматы Дамир Амангелдіұлы Зналиевті ұстады. Оған Қазақстанның сұратуымен Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланған», - деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.
Қазіргі таңда құзіретті органдармен бірлесіп Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады СІМ.
Еске сала кетсек, Ауғанстанның солтүстігіндегі Сари-Пуль провинциясында түнгі операция барысында екі ер адам ұсталды .
Өздерін Қазақстан мен Түркменстаннан келгендігін мәлімдеген содырлардың аты-жөндері Демир Зенлиёв ( Demir Zenliyov) пен Абдул Матин (Abdul Mateen) деп жария етілді.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Демир Зенлиёвтің аты-шулы болған "Джунд аль-Халифат" (Халифат сарбаздары - ред.) тобының үш көшбасшысының бірі Дамир Зналиев екенін мәлімдеді . «Ол Ринат Қабидолла, Орынбасар Мұнатовпен бірге 2011 жылдың тамыз-қыркүйегінде Бельгия азаматы Муаз Гарсаллаумен бірлесіп ауған-пәкістан аумағында аталмыш топты құрып, кейін осы жылдың қазан айында Атырауда теракті жасады. Топ көбіне ақпараттық араңдатушылықпен айналысқанымен, бірқатар өзге де актілерді жасады деп айыпталуда», деді саясаттанушы.