Ауғанстанда үйлену тойындағы бірқатар рәсімге тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстандағы «Талибан» уақытша үкіметінің жетекшісі Хайбатулла Ахундзада «исламға қайшы» деп саналатын және отбасыларға қаржылық ауыртпалық әкелетін үйлену тойындағы бірқатар рәсімдерге тыйым салу туралы жарлық шығарды, деп хабарлайды Amu.tv.
«Талибан» уақытша үкіметінің Әділет министрлігі шығарған жарлықта қалыңдықтың шамадан тыс қалың малына, үйлену тойына кететін шығындарға, үйлену тойының алдындағы және одан кейінгі кештерге, салтанатты дастархандарға, атастыру рәсімін атап өтуге, қалыңдық пен күйеу жігітке қымбат сыйлықтар беруге тыйым салынады.
Құжатта көрсетілген негізгі шектеулер мыналар:
— Фатиха тойынан(атастыру рәсімін атап өту), соның ішінде «пайвазиден» (Фатиха және үйлену тойынан кейінгі рәсімдер) бас тарту керек.
— «Дастмол хури» (орамал беру рәсімі) тек қалыңдық пен күйеу жігіттің арасында ғана болады. Дәмханаларда мұндай шараларды өткізуге тыйым салынады.
— Фатиха тойынан кейін қалыңдық жылына бір реттен артық сыйлық ретінде киім ала алмайды. Күйеу жігітке сыйлық ретінде киім беруге тыйым салынады.
— Үйлену тойы күйеу жігіттің қаржылық мүмкіндіктеріне және оның тұрғылықты жеріне қарай өткізілуі керек. Қалыңдықтың отбасы қымбат дәмханаларда өткізуді талап етпеуі керек.
— Тойларға мемлекеттік көлікті пайдалануға тыйым салынады.
— Үйлену тойы кезінде күйеу жігітке қалыңдықтың үйіне тамақ жіберуге, ал қалыңдықтың отбасына тәттілер үшін ақша алуға тыйым салынады.
— Қалыңдықты ұзату кезінде қалыңдықтың отбасы ақша талап ете алмайды.
— Жүлде ретінде автокөліктер немесе басқа да қымбат сыйлықтар берілетін жарыстарға тыйым салынады.
— Үйлену тойында аспанға оқ ату мен қауіпті көлік жүргізуге де тыйым салынады.
— Үйлену тойынан кейін ақша немесе киім айырбастауға тыйым салынады.
— «Бадал» салтына, яғни жанұялар арасында келіспеушіліктерді шешу үшін қыз айырбастауға тыйым салынады. Жарлықта мұндай әдет «жақсы нәтиже бермейді» делінген.
— Күйеу жігіттің отбасынан «валвар» (қалыңмал) және осыған ұқсас қаржылық талаптарға да тыйым салынады.
Сондай-ақ, жарлықта шығындарды азайту үшін үйлену тойын неке қию рәсімінен кейін көп ұзамай өткізу керектігі де айтылған.
— Мұндай қадам Ауғанстандағы экономикалық дағдарыс аясында жасалып отыр. Дағдарыс салдарынан көптеген ауғандық жастардың некеге тұруы қиындап барады, — делінген хабарламада.
Басылым жұмыссыздықтың жоғары болуы, кедейліктің артуы және тәліптердің әйелдерге қатысты шектеулері – орта және жоғары білім алуға, сондай-ақ жұмыс істеуге тыйым салу отбасылар арасындағы наразылықты арттырып жатқанын жазады. Тойлар әлеуметтік мәселелерді ушықтырады, дейді адамдар.
Айта кетейік, тәліптер Ауғанстанда билікке келгеннен кейін бірден үйлену тойларына шектеулер енгізе бастады. Бастапқы тыйымдар жанды музыка, алкогольді ішімдіктерді тұтыну, ерлер мен әйелдердің бірге билеуін және әртүрлі жарыстар ұйымдастыруды қамтыды.
Еске сала кетейік, Ауғанстанда сотталғандар мен борышкерлерге төлқұжат беруге тыйым салынды.