Ауғанстанда жүрген Қазақстан құтқарушылары үйінді астынан баланың денесін тапты

Фото: Фото: ҚР ТЖМ

Қазақстан құтқарушылары Ауғанстанның үш елді мекенінде жер сілкінісінен қираған үйлерді тексеріп шықты. Кazinform бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ауғанстанға жіберілген қазақстандық құтқарушылар жойқын зілзала салдарын жоюға көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

Наиброфи елді мекенінде қазақстандық құтқарушылар 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді. «Бір қатармен» әдісі бойынша олар 487 учаскені жаяу жүріп өтті. Осы елді мекенде 700 үйдің қирандысы тексерілді.

Фото: ҚР ТЖМ

«Толығымен қираған тұрғын үйдің біреуін бөлшектеу барысында құтқарушылар қаза болған 5-6 жасар баланың денесін тауып, алып шықты.

Ауған тарапының өкілдерімен бірлесіп, қазақстандықтар Наиброфиден 10 км қашықтықта орналасқан Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын тексерді. Чолк елді мекенінде де үйінділерді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер табылған жоқ», - делінген министрлік ақпаратында.

Фото: ҚР ТЖМ

Мәліметке сүйенсек, Қазақстан құтқарушылары жергілікті 80 тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсетті.

Қатты афтершок фактілерінің жиілеуіне және бөлінген учаскедегі жұмыстардың аяқталуына байланысты Қазақстан ТЖМ жасағы Герат қаласына бару үшін жолға шыққан.

Еске салайық, 10 қазанда Қазақстанның 45 құтқарушысы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға аттанған болатын. Алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйінді бөлшектелген болатын.  

Сондай-ақ кеше, 11 қазан күні Қазақстан халқының атынан гуманитарлық көмектің алғашқы легі тиелген арнайы ұшақ Ауғанстанның Герат әуежайына қонған болатын. Бұл туралы оқиға орнынан Кazinform тілшісі Есімжан Нақтыбай хабарлады. 

7 қазан күні Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында 6,3 балдық жер сілкінісінен 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алды. 

Фото: ҚР ТЖМ