Ауғанстандағы есірткі саудасы біздің бәрімізге қатер төндіріп отыр - АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы Ауғанстаннан біздің елдерімізге есірткі тасқынына тосқауыл қоюдағы әріптестіктің маңызды құрамдас бөлігі.  Оны АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дэвид Джонсон бүгін Алматыдағы Ішкі істер академиясының  Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық оқу орталығында болған кезде айтты,

   деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         "АҚШ сыртқы саясатында Ауғанстан ең үлкен басымдыққа ие болып отырғаны ешкімді таң қалдырмасы анық. Өткен аптада президент Барак Обама коалицияның жұмысына күш қосу үшін қосымша 30 мың сарбазды жіберетінін жария етті. Ауғанстандағы есірткі саудасы біздің барлығымызға үлкен қатер төндіріп отыр. Есірткі тасымалы тәлібтерге дем беріп, тек Орталық Азия аймағында емес, одан тысқары жерлерде де құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік нормаларын бұзуда. Ол қоғамның саулығына қатер төндіріп, жұртты радикалдандыруға ықпал етуде", дейді  АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі Мемлекеттік хатшының халықаралық есірткімен күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі (INL) көмекшісі Дэвид Джонсон. Оның айтуынша, АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұл мекемесі Орталық Азия арқылы  Ауғанстанға есірткі қоспаларын жеткізу және бұл елден бүкіл әлемге дайын есірткі тасымалдау мәселесіне ерекше мән беріп келе жатыр. Бұл тасымал АҚШ-тың әріптес елдеріне кері әсерін тигізуде.  Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы есірткі тасымалының біздің қоғамымызға келтіріп отырған орасан зор кері әсерін азайтуға мүмкіндік береді.