Ауғанстандағы ішкі саяси жағдай күрделі болып қала береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстандағы ішкі саяси жағдай күрделі болып қала береді. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Негізгі сын-қатерлер көп жағдайда елдің солтүстігі, шығысы мен оңтүстігіндегі шекаралас аймақтардағы «Талибан» қозғалысының әскери белсенділігіне, сонымен қатар ДАИШ пен әл-Каиданың белгілі бір жақтастарының болуына байланысты туындауы мүмкін», - деді Қарин. 

Оның атап өтуінше, елдегі элита ішінде жалғасып жатқан тартыстармен қоса, 2015 жылы өтуі тиіс болған парламенттік және жергілікті сайлаулар 2016 жылға, одан кейін 2017  жылға қалдырылып отыр.  Бұған қоса, ол сайлаулардың ағымдағы жылы өтуінің өзі күмәнді болып отыр.

«Бұл сайлаулар өткен күннің өзінде елдегі саяси күрес одан ары қыза түсетіндігі белгілі болып отыр», - деді ҚИСИ директоры.

Оның пайымынша, Ауғанстанның әскери-саяси тұрақсыздық жағдайы негізгі сыртқы ойыншылардың назарынан тыс қалмайды. Сол себепті бұл мәселе аймақтық қауіпсіздіктің күн тәртібінде өзекті бола түседі.