Ауғанстандағы Қазақстан Елшісі дипломаттардың қауіпсіздік деңгейіне баға берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам РеспубликасындағыТөтенше және Өкілетті Елшісі Өміртай Бітімов Кабулда дипломаттардың қауіпсіздік деңгейін бағалады.

Оның сөзіне қарағанда, Ауғанстан астанасында лаңкестік қатерді ескере отырып, Қазақстан өкілдігінің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдануда.

Президентіміз, сондай-ақ біздің Үкімет қауіпсіздікке ерекше қамқорлықпен қарайтынына тоқталған Елші, Ауғанстанда дипломаттарымыздың қауіпсіздігі  шекарашыларымыздың  ішкі қарулы күзеті күшімен қамтамасыз етілгенін айтты. Ал сыртқы күзет жергілікті полициямен қамтылған.

Ө. Бітімовтің айтуынша, Қазақстанның бейбітшіл сыртқы саясаты мен барлық елдермен жақсы қатынастары қауіпсіздіктің басты кепілі болып табылады.

«Бізде бұл тұрғыда еш қарама-қайшылық жоқ. Сондықтан бұл - ең басты кепілдік», - деді Елші.

Осы ретте ол диломаттар үшін тек Ауғанстанда ғана емес, сонымен қатар бірқатар өзге де елдерде жұмыс істеу қиындау екенін атап өтті.

Айта кетейік, Ауғанстандағы ішкі саси ахуал әлі де шиеленіскен жағдайда, яғни «Талибан» қозғалысының жандануы қиындықтар тудыруда. Мұнымен қоса, елдің аумағында соңғы кездері «ДАИШ» топтары да пайда болуда.