Ауғанстандағы президенттік сайлауда Aбдулла Абдулла көш бастап келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанның Тәуелсіз сайлау комиссиясының хабарлауынша, алдын ала мәліметтер бойынша президенттік сайлауда елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла көш бастап келе жатыр. Ол саналған дауыстардың 41,9 пайызын жинаған. Қазіргі кезде 44 ауған провинцияларының 26-сында бюллетеньдер саналып болды.

Оның басты қарсыласы бұрынғы қаржы министрі Ашраф Гани әзірге, 37,6 пайыз деңгейінде дауыс жинады. Комиссия төрағасының сөзінше, дауыстарды санау кезінде алдағы уақытта нәтижелер өзгеруі мүмкін. Егер сегіз кандидаттың ішінде бірде біреуі дауыстардың 50 пайызын жинамаса, онда сайлаудың тағы бір туры жарияланады, деп жазады ИТАР-ТАСС .