Ауғанстандағы су тасқыны құрбандарының саны 107 адамға жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанның солтүстігіндегі су тасқынының құрбандары кем дегенде 107 адамға жетті, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі. Бұдан бұрын 82 адамның қазаға ұшырағаны хабарланған болатын.

Су тасқыны екі күн бойы жауған нөсер жаңбырға ұласты. Табиғат апатынан әсіресе Джаузджан, Фарьяб, Бадгис және Сари-Пуль провинциялары зардап шекті.

Өкімет орындарының мәліметтері бойынша, Джаузджанда 30-дан астам ауыл суға кеткен. «Оларға көмек жеткізу мүмкін емес. Тікұшақпен 1500-ге жуық адамды қауіпсіз аудандарға жеткіздік. Қазір үкіметтен және құтқару қызметтерінен шұғыл көмек күтілуде», - дейді жергілікті полиция өкілі. Оның айтуынша, оқиға салдарынан 55 адам қазаға ұшырады, 100-ден астамы жараланды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, құрбан болғандар саны арта түсуі мүмкін.

Фарьяб провинциясында 40 адам мерт болды және 80-нен астамы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. «Су тасқыны салдарынан он мың отбасы зардап шекті, екі мыңнан астам үй қирады», - деп мәлімдеді провинция губернаторы Мохаммадуллах Батажн.