Ауғанстанды қолдауды ауғандықтар тек бір адамды қолдау деп танымауы тиіс - Ауғанстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі

trong>. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ауғанстанды қолдау дегеніміз - бұл халықты қолдау және осы елдегі институттарды қолдау болуға тиіс. Ол бүгін Алматыда «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» деген тақырыпта өтіп жатқан Трансазиялық парламенттік форумда айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолдауды ауғанстандықтар тек қана бір адамға қолдау көрсету ретінде танымауы тиіс. Бұл өте маңызды. Мұндай жағдайда бұл көмекті біреулер теріс пайдалануы мүмкін. Өкінішке орай, Ауғанстан үкіметі сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырын құрта алмай отыр. Халықаралық қоғамдастықтың қолдауына келетін болсақ, әртүрлі деңгейде мердігерлік жағдайында салық төлеушілердің миллиардтаған ақшасы жоғалып кетіп жатады. Дәл осының аса маңызды мәселе екенін айтқым кеп отыр. Үкіметтік емес ұйымдар өздерінің ісі үшін донорлар алдында және Ауғанстан үкіметі алдында жауап беруге тиіс. Олар қазір тым тәуелсіз боп кеткен», дейді Ауғанстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла. Оның айтуынша, НАТО әскерлерін шығарудан туындайтын салдарлар әртүрлі. Ауғанстан халықаралық қоғамдастықтың қатысуымен 9 жыл бойы өмір сүріп келе жатыр. Енді онысыз өмір сүретін болады. Бірақ аяғынан нық тұрып кететін деңгейге әлі жеткен жоқ.

«Ауғандықтар сіздің қолдауларыңызды түсіністікпен қабылдайды. Азаматтық шығындар орын алған кезде әрине бұл жағдайды қабылдай білу қажет. Біз әскери қатысудың мерзімін қысқартуымыз керек. Демократиялық даму үдерістерінде ауғанстандықтардың көпшлігі бірігіп өзін-өзі қолдауға жұмылуы тиіс. Оған қол жеткізбейтін болсақ, Ауғанстан 1999 жылдың қараңғы кезеңіне қайта келеді. Оның салдары ұзаққа созылуы және әлемге таралуы мүмкін. Ал миллиондаған бейбіт халық лаңкестердің шағын топтарының ықпалына түспек», дейді Абдулла Абдулла.