Ауғанстандық дәрігерлер Астанада біліктіліктерін арттыруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Ауғанстанның мемлекеттік қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) өкілдерінің әлеуетін арттыру бойынша семинары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) және (JICA) Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің жәрдем көрсетуімен өтуде.

Семинардың ашылу салтанатына еліміздің сыртқы істер және денсаулық сақтау министрліктерінің басшылықтары, Қазақстандағы Жапония мен Ауғанстан елшіліктерінің және БҰҰДБ өкілдігінің лауазымды тұлғалары қатысты.

Семинар Қазақстанның Ауғанстанға көрсетіп жатқан дамуға ресми көмек аясында ұйымдастырылған және ана мен бала денсаулығын нығайтуға бағытталады. Іс-шара қатысушыларының 80%-дан астамы ауған әйелдері болды.

Екі апталық семинарға Ауғанстанның денсаулық сақтау саласында қызмет атқаратын 30 өкілі қатысады. Қатысушалардың ана мен бала денсаулығына бағытталған Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесімен, перинаталдық орталықтар жұмысы қағидалары мен олардың құрылымымен танысуы күтілуде. Семинар шеңберінде Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының акушерлік және жан сақтау бөлімшелерімен, жаңа туылған балалар мен соматикалық педиатрия бөлімшелерімен танысу ұйымдастырылатын болады.
 

Семинар қатысушылары үшін сонымен қатар, аяғы ауыр және бала туу кезіндегі асқынуларды емдеудегі жетекші технологияларды қолдану мәселелері, ауылдық жерлерде жаңа туылған балаларға медициналық қызмет көрсету және басқа да мәселелер бойынша дәрістер оқылатын болады. Дәріс берушілер ретінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ жобаны іске асыруда негізгі әріптестердің бірі болып табылатын Назарбаев Университетінің профессорлары жұмылдырылады.

Аталған семинар денсаулық сақтау саласында қызмет ететін ауған әйелдерінің әлеуетін арттыру арқылы қазақстандық тәжірибемен бөлісу жолымен Ауғанстанды одан әрі дамыту бойынша халықаралық қауымдастықтың күш-жігеріне Қазақстанның кезекті үлесін қосады.
 

Айта кетейік, осы жобаны іске асыру туралы уағдаластық Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ 2015 жылғы қазанда жапон көшбасшысының Астанаға жасаған ресми сапары барысында қабылданған Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету мен кеңейту туралы бірлескен мәлімдемеде көрініс тапқан.