Ауғанстандық кәсіпкерлер Қазақстанмен қарым-қатынасты барынша дамытуға ниетті
Бұл туралы бүгін Астанада қазақстандық және ауғандық кәсіпкерлердің кездесуінде қазіргі заманғы Ауғанстанды зерттеу орталығының бас сарапшысы, «Қазиндустрия» ЖШС бас директоры Мохаммад Дауд мәлім етті.
Сарапшының айтуынша, Ауғанстандағы бидай бағасы қазақстандық тауарлардың құны есебінен реттелетін көрінеді. Өйткені, бидайдың 70 пайызы Қазақстаннан жеткізіледі.
«Атап айтқанда, қазіргі кезде Ауғанстанда өнеркәсіптер мен өндірістердің жұмыстары тиісті деңгейде емес екенін ескерсек, ауғандық кәсіпкерлерді Қазақстандағы барлық салалар қызықтырып отыр. Негізінен Қазақстаннан азық-түлік тауарларын, астық пен ұн, құрылыс материалдары, сондай-ақ мұнай өнімдерінің тасымалы ерекше басымдыққа ие»,-деді ол.
М. Даудтың сөзіне қарағанда, Қазақстан экономикалық тұрғыда өңірде көшбастап келе жатқандықтан Ауғанстан тарапы ынтымақтастықты барынша дамытуға ниетті. «Осы орайда ауғандықтар Қазақстанды ең сенімді стратегиялық әріптес деп санайды. Себебі, бүгінде Ауғанстанға қажет саналатын тауарлардың барлығы осы жерде бар»,-деді ол.
Оның пайымдауынша, қазіргі кезде қазақстандық компаниялармен жұмыс істеуге ниетті ауғандық бизнес өкілдерінің саны артып келеді. Алайда, визалық проблема мен қарым-қатынастың басқа да мәселелері кедергі келтіріп отыр.
«Қажет адамдарды осы жерге шақырып, тиісті байланыс деңгейін орнату бойынша тетіктердің шешімін жасау керек»,-дейді сарапшы.
Айта кетейік, 2012 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 321,5 млн. АҚШ долларына жетті.