Бүгін ҚР Cыртқы істер министрлігінде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы барысында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов осылай мәлімдеді.
Сөз арасында министр қоғамда үлкен резонанс тудырған ауған мәселесіне де тоқталып өтті. Естеріңізге сала кетейік, Парламент Мәжілісі бұған дейін қазақстандық әскери қызметшілердің Ауғанстандағы қауіпсіздікке жәрдемдесудің халықаралық күштері штабы жұмысына қатысуын қамтитын құжатты мақұлдаған болатын.
«Бұл ретте тоқтала кететін жайт, БҰҰ қарарына сәйкес, бұндағы негізгі әңгіме Кабулға төрт қазақстандық офицерді жіберу туралы болып отыр. Сонымен қатар, ондағы біздің офицерлерге жүктелген негізгі міндет Ауғанстан үкіметі мен халқын бейбітшілікке, тыныш өмірге даярлауға жәрдемдесу болып табылады. Сондай-ақ, біздің әрекетіміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мандатын қатаң сақтау шеңберінде жүзеге асып отырғанын да атап өткім келеді», - деді министр.