Ауғанстаннан Өзбекстанға дронмен есірткі өткізбек болғандардың әрекеті әшкереленді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ауғанстан азаматтары дронның көмегімен Әмудария өзені арқылы Өзбекстан аумағына есірткі тасымалдамақ болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі

Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінен мәлім еткендей, шекара және ішкі істер органдарының қызметкерлері бұл әрекеттің жолын кесті. Нәтижесінде дронға бекітілген салмағы 2 келіден астам апиын тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, биыл екі айда Өзбекстанда 8 есірткі зертханасы анықталды.

Былтыр өзбекстандық кеденшілер 2,8 тоннадан астам есірткі мен психотроптық заттарды тәркіледі.

Сондай-ақ, кейінгі бес жылда Өзбекстанда тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 80 есе өскен.

Бұған дейін жазғанымыздай, Орталық Азия елдері арқылы жылына 90 тоннаға жуық героин өтеді.