Ауғанстаннан тауар тасымалдайтын қазақ-өзбек бірлескен теміржол кәсіпорны құрылады

Фото: Фото: Наталья Зинченко

АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстан-Өзбек іскерлік кеңесінің жиынында бауырлас елдердің арасындағы көлік-логистикалық әріптестіктің басым бағыттарын атады.

«Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттырудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 5 трансшекаралық хаб құру көзделген. Бұл хабтар инвестиция тартудың негізгі орталығына айналып, көрші елдерге жөнелтілетін шикізат емес тауарлардың экспортын 35 пайыз арттыруға мүмкіндік береді. Біз өңірдегі көлік логистикасының әлеуетін арттыруға және көлік дәліздерін жаңғыртып, жаңа маршруттар ашуға мүдделіміз. Бұған Беларусь-Ресей-Қазақстан-Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан халықаралық көлік дәлізін құру туралы меморандумға қол қойғанымыз дәлел бола алады. Бұл дәліз Еуроодақ пен Ресейді Орталық Азия елдерімен байланыстырып жатқан Орта Азия дәлізі арқылы өтеді деп көзделген. Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісін салу жобасының іске қосылғанын ескерсек, оның Қазақстандағы бөлігі Орта Азия дәлізінің қажетіне жарай алады», - деді ол.

Сондай-ақ, ол теміржол саласында бірлескен кәсіпорын құру не үшін қажет екенін айтты.

«Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктерінің арасында бірлескен кәсіпорын құру жобасы екі арадағы ықпалдастықты нығайта түсетінін айту керек. Бұл жоба екіжақты сауда-саттықты арттырып, тауар тасымалын ұлғайтады. Сонымен қатар, бұл бірлескен кәсіпорын трансауған маршрутын дамытуға тартылады. Бұл екі елдің де экономикасында жағымды әсер етеді», - деді Әлібек Қуантыров.