Ауғанстаннан жеткізілетін героин Қазақстандағы есірткі ахуалын ушықтырып тұр - Күсетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстаннан жеткізілетін героин Қазақстандағы есірткі ахуалын ушықтырып тұр. Бұл туралы бүгін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткі айналымына қарсы күрес жөніндегі өкілеттілік берілген құзіретті органдары басшыларының кезекті кеңесінде ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесімен күрес департаментінің бастығы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылы ғана Қырғызстанның құқық қорғау органдарымен бірлесіп «бақылаудағы жеткізілім» әдісі бойынша 5 операция, 2015 жылы Ресей Ішкі істер министрлігімен бірлесіп 1 «бақылаудағы жеткізілім» операциясын өткіздік. Героин трафигі бағдарының Балқан бағытына қарай бейімделу тенденциясы жалғасып отырғанына қарамастан Қазақстандағы есірткі ахуалының дами түсуіне Ауғанстаннан жеткізілетін есірткі негізгі фактор болып отыр», - деді Күсетов.

Оның атап өтуінше, осыған байланысты Қазақстан аумағы арқылы ауған героині транзитінің негізгі арналарының жолын кесу басымдықты бағыт болып отыр.

«Айта кетерлігі, Қазақстан оңтүстік шекараны нығайтуда теңдессіз шаралар қабылдап, мемлекеттік шекара, сонымен бірге оның периметрі арқылы өткізу бекеттеріндегі бақылау қорғау жүйелерін күшейтіп, заманауи тексеру құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етті», - деді ол.