Ауғанстанның бизнес-делегациясы Еуразиялық бизнес-форумның жұмысына қатысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ауғанстанның бизнес-делегациясы Еуразиялық бизнес-форумның жұмысына қатысады деп мәлімдейді, оның ұйымдастыру комитеті.

Форумда Қазақстан мен Ауғанстанның бизнес-қоғамдастығы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына баға беріледі. Сонымен қатар, болашақта өзара қарым-қатынастарды дамыту мәселелері де талқыға түседі. Одан басқа, екі елдің бизнес өкілдері арасында ресми іскерлік кездесулер болады деп күтілуде.

Форумның ұйымдастыру комитеті шет елдік инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты мәселелерді талқылау маңызды деп санайды. Әрбір делегат Қазақстанға инвестиция тарту, отандық шағын және орта бизнесті әрі қарай дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салады. Өйткені бұл салалар - еліміздің тұрақты дамуының қозғаушы күші.

Сауда-экономикалық қатынастарды дамыту және Қазақстанға инвестиция тарту үшін форумның жұмысына ел экономикасының 12 басымдықты саласының өкілдері қатысады. Олар шет елдік кәсіпкерлермен іскерлік қарым-қатынастарды орнатып, оны әрі қарай нығайта түспек.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласында үстіміздегі жылдың 17-18 сәуірінде Еуразиялық форум өтеді. Ал бұл - әлемдік қоғамдастықпен тығыз байланыс орнатуға, еліміздің бизнес жүргізу ісіне дайын екендігін, инновацияны және «жасыл» экономиканы қолдайтындығын шынайы көрсетуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастыру комитеті мүшелерінің айтуынша, Еуразиялық экономикалық кеңістік - шет елдік және отандық инвесторлар үшін үлкен маңызға ие. Сол үшін де аталмыш бизнес-форум аясында өзекті мәселелер талқыға түседі. Және бұл шара, үстіміздегі жылы 21-23 мамыр аралығында елордада өтетін Астана экономикалық форумында өз жалғасын табады.