Ауғанстанның шығысында жер сілкінісінен алты адам мерт болды

КАБУЛ-СИНЬХУА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Ауғанстанның шығысында 5,3 балл қуатымен жер сілкінді, делінген АҚШ Геология қызметінің сайтында. Жергілікті төтенше жағдай ведомствосы алты адамның қаза тапқанын және тоғыз адамның зардап шеккенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Кунар провинциясының табиғи апаттарға қарсы және гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Эхсанулла Эхсанның айтуынша, жерасты дүмпуі провинцияның батыс бөлігінде болған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, алты адам қаза тауып, тоғызы жарақат алған және ондаған үй қираған.

АҚШ Геология қызметінің мәліметі бойынша, жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 02:27-де тіркелген. Оның эпицентрі – Нангархар провинциясының әкімшілік орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 34 шақырым жерде, ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан.

Еске салайық, биылғы 22 маусымда Ауғанстанның шығысында қуатты жер сілкінісі болып, 1 мыңнан астам адам қаза тапты және 2 мыңға жуық адам зардап шегіп, ондаған мың үй қирады.



Фото: cnbcfm.com