Ауғанстанның жаңа астанасының құрылысы 80 млрд. долларға бағаланып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан заманауи астана - Жаңа Кабул салуға дайындалып жатыр. Жобаны жүзеге асыру 80 млрд. долларға түспек, деп хабарлайды Ауған телеграфтық агенттігі (АфТАГ).

Жаңа Кабул қазіргі астана аумағындағы Хаджи-Раваш әуежайы мен Баграм аэродромы аралығында, АҚШ әскери базасы орналасқан жерде тұрғызылады.

Үкіметтік емес Kabul New City Development ұйымының төрағасы Эльхам Омар Хотакидің хабарлауынша, компания алғашқы 55 тұрғын үйді салуға байланысты құрылыс фирмаларымен бес келісімге қол қойған. Жоспар бойынша жаңа қаланың аумағы қазіргіден екі есе көп және 740 шаршы шақырымға жетеді. Бұл аумаққа 600 мың үй сияды. Хотакидің сөзіне қарағанда, құрылысшылар жұмысқа кірісу үшін тек президенттің келісімін ғана күтіп отыр.

Жаңа Кабул 15 жылдың ішінде тұрғызылмақ және бұл қалада 2,5 млн. адам тұратын болады.

Жобаны жүзеге асыруға кететін қаржы 80 млрд. долларды құрайды. Ал елдің бюджеті алдағы жылы шамамен 7,9 млрд. доллар болмақ.