Ауыл әкімінің функционалдық блогы кеңейтіледі

Елімізде ауыл әкімінің функционалдық блогын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Kazinform

«Ауылдық округтері проблемалық мәселелерді шешу үшін ауылдық округ әкімі «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес мынадай құзыреттермен қамтылған: коммуналдық тұрғын үй қорының сақталуын, сондай-ақ автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуін және күтіп ұсталуын қамтамасыз ету; қоғамдық жұмыстарды, жастар практикасын және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру; елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру және су пайдалану мәселелерін реттеу; елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру. Бұған қоса, алдағы уақытта ауыл әкімінің функционалдық блогын кеңейту жоспарлануда», - деп атап өткен Үкімет басшысы жауабында. 

Оның дерегінше, ауыл әкімдеріне көрме-жәрмеңке қызметін ұйымдастыруды жүзеге асыру, қоғамдық орындарды сыртқы безендіру мәселелерін шешу, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың іске асырылуын қамтамасыз ету және басқа да құзыреттілік түрлерін беру көзделіп отыр. 

«Сонымен қатар 2020 жылдан бастап барлық аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде және ауылдық округтерде дербес бюджет іске қосыла бастады. Бүгінгі күні ауылдық округтердің кірістері салықтық, салықтық емес түсімдерден, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерден, айыппұлдар мен аудандық бюджеттен берілетін трансферттенден қалыптастырылады. 2022 жылы бюджеттің IV деңгейінің жалпы шығыстары – 222 млрд теңгені құрап, оның ішінде шығыстардың негізгі бағыттары әкім аппаратының қызметін қамтамасыз ету, абаттандыру, жарықтандыру және тағы басқаларына бағытталған болатын», - деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр мұнан бөлек заңнаманы одан әрі жетілдіру аясында IV бюджет деңгейіне жеке және заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің мүлік салығын, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемді, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымды, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді қосымша беру ұсынылатынын айтады. 

«Салықтар мен төлемдердің осы түрлерінен түсетін түсімдерді ескере отырып, IV бюджет деңгейінің меншікті кірістерінің 3 есеге ұлғаюы күтілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта экономикалық жағдайға сүйене отырып, заңнаманы одан әрі жетілдіру аясында IV бюджет деңгейіне қосымша салық көздерін беру жоспарлануда», - деді ол.