«Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында қанша жұмыс орны ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өңірлерде 600-ге жуық ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің жауабында айтылған.
- 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын іске асыру басталды және оны іске асыру үшін 2023-2024 жылдары аралығында республикалық бюджеттен жалпы соммасы 120 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда бөлінген қаражат есебінен 18,4 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, шамамен 111,1 млрд теңге сомаға 16,6 мыңнан астам шағын кредит берілді, - деді вице-премьер жауабында.
Осы орайда ол бағдарламаның ауыл халқының табысын арттырудан басқа мақсаттарының бірі жеке шаруа қожалықтары мен шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту болғанын айтады.
- Бағдарламаны іске асыру аясында өңірлерде 600-ге жуық ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде 12,7 млрд теңге сомасына 561 ауыл шаруашылығы кооперативі (2023 жылы 339 АШК – 7,2 млрд теңге, 2024 жылы 222 АШК – 5,5 млрд теңге) қаржыландырылды, - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудың жаңа моделін әзірлеп жатыр.
Бағдарлама ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Қолдау тетігінің ішінде 2,5%-бен шағын несие мен лизинг бар. Қазір министрлік скрининг арқылы елді мекендердің мамандануын анықтау тәсілін, ережелерді жаңартуда.