Ауыл балаларының мүмкіндігі қала оқушыларынан кем емес – Тарих ағай

АСТАНА. KAZINFORM – Жастардың көбі үлкен мүмкіндікті қаладан іздегенімен, туған ауылында қалып, жас ұрпақтың білім алуына үлес қосуды таңдағандар да бар. Солардың бірі – әлеуметтік желіде «Тарих ағай» атымен танылған Бексұлтан Мұратбекұлы. Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылында еңбек ететін жас ұстаз ауыл мектебінде де сапалы білім беруге барлық мүмкіндік бар екенін айтады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бексұлтан Мұратбекұлы – Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі. Ұстаздық жолды бала кезінен армандаған ол шәкірттерінің болашағына үлес қосуды басты мақсаты санайды. Қалада білім алып, магистратураны үздік тәмамдаған жас маман туған ауылына оралып, еңбек етуді жөн көрген.

Оның айтуынша, бұрын үлкен жетістікке жету үшін міндетті түрде үлкен қалаға бару керек деген таптаурын бар. Алайда қазіргі мүмкіндіктер ауылда жүріп те кәсіби дамуға, биік белестерді бағындыруға жол ашады.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Өзім де ауылдан шыққан қарапайым қазақтың баласымын. Бұрын үлкен жетістікке жету үшін қалаға көшу керек деген көзқарас болды. Қазір заман өзгерді. Ауылда жүріп те үлкен жетістіктерге жетуге болады. Мен осы түсінікті өзгертіп, жастарға ауылда қалып та өз мақсатыңа жете алатыныңды көрсеткім келеді, – дейді Бексұлтан Мұратбекұлы Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Жас ұстаз ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасын бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, қазір ауыл мектептерінде де заманауи білім беру құралдары мен цифрлық платформаларды пайдалануға мүмкіндік бар. Ең бастысы – мұғалімнің сол мүмкіндікті қаншалықты тиімді қолдана білуі.

– Ауыл балаларының білімі қала оқушыларынан кем деген пікірмен келіспеймін. Қалада бар мүмкіндік ауылда да бар. Қазір сабақты түрлі ойын, әдіс-тәсілдер мен цифрлық платформалар арқылы қызықты өткізуге болады. Әсіресе қазіргі балалардың назарын аудару үшін сабақты тартымды етіп ұйымдастыру маңызды, – дейді ол.

«Тарих ағайдың» әлеуметтік желідегі бейнероликтерінен де осы ұстанымын аңғаруға болады. Ол сабақ барысында оқушыларды түрлі ойындар мен интерактивті тапсырмаларға тартып, тарих пәнін қызықты форматта түсіндіруге тырысады.

Ал ауыл мектебінде жұмыс істеудің өзіндік артықшылықтары бар. Шағын ортада мұғалім оқушыларын жақсы танып, олардың отбасылық жағдайынан да хабардар болады. Бұл ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға көмектеседі.

– Ауылдың бір артықшылығы – мұнда бәрі бір-бірін таниды. Оқушыларыңды да, ата-анасын да, отбасылық жағдайын да жақсы білесің. Соның арқасында баламен жақын қарым-қатынас орнатып, оның жүрегіне жол табу жеңілдейді. Бұл ұстаздық жұмыста өте маңызды, – дейді ол.

Әлеуметтік желіде «Тарих ағай» деген атпен танылуы да бастапқыда арнайы жоспарланбаған. Қарапайым әрі есте қалатын атау уақыт өте келе жас мұғалімнің өзіндік бейнесіне айналған. Бүгінде ол осы атаумен ауыл мектебінің тыныс-тіршілігін, сабақ барысын және оқушыларымен жұмыс істеу тәсілдерін көпшілікке көрсетіп жүр.

Бексұлтан Мұратбекұлы үшін ауылда ұстаз болу – туған жердің дамуына қосқан үлесі. Оның айтуынша, жас мамандардың ауылда еңбек етуі ауыл балаларының да үлкен мақсат қойып, өз мүмкіндігіне сенуіне жол ашады.

Айта кетейік, бұған дейін, цифрлық дәуірдегі ұстаз, инноватор жайлы жазған едік.