— Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балалардың қосымша білімге қолжетімділігін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. 2025 жылдан бастап қосымша білім беруді қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл мәселе «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы ұстанымдармен де тікелей үндеседі. Бағдарламада еліміздің барлық өңірінде азаматтардың білім алуына, дамуына және өз қабілетін іске асыруына тең мүмкіндік жасау негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Осыған байланысты бүгін «Ауыл» партиясы фракциясы атынан ауыл балаларының қосымша білімге қолжетімділігі мәселесін көтереміз, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында елімізде балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90 пайызға жетіп, 3,5 миллион баланы құрады. Оның ішінде 2,2 миллион бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады. Қосымша білім беру ұйымдарының саны 2 мыңнан асты.
— Бұл — жақсы көрсеткіш. Алайда жалпы статистиканың артында ауыл мен қала балаларының нақты мүмкіндіктеріндегі айырмашылық қалып отыр. Бүгінде елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы білім алады. Ауыл баласының спортпен, музыкамен, өнермен, робототехникамен, IT және техникалық шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі қаладағы қатарласына қарағанда әлі де шектеулі. Мәселе тек үйірменің бар-жоғында емес. Мәселе — таңдау мүмкіндігінде. Қаладағы бала өз қызығушылығына қарай бірнеше бағыттың бірін таңдай алады. Ал шағын және шалғай ауылдарда таңдау көбіне мектептегі санаулы үйірмемен шектеледі. Министрлік соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 1251 комьюнити-орталық ашылғанын хабарлады. Бұл жұмысты қолдаймыз. Ендігі міндет — осы тәжірибені кеңейтіп, әрбір ауыл баласына нақты мүмкіндік беру. Баланың мүмкіндігі оның мекенжайына байланысты болмауы тиіс, — деді Құрылтай депутаты.
Осыған байланысты Шахмардан Байманов «Ауыл» партиясының фракциясы атынан мынадай шаралар ұсынады:
— Ауыл мен қала бойынша қосымша білімнің қолжетімділігін бөлек есептеп, тек қамтылған балалар санын емес, оларға қолжетімді үйірмелер мен бағыттардың санын да бағалау қажет.
— «Бір ауыл — бірнеше мүмкіндік» қағидатын енгізу, жаңа ғимарат салуды күтпей, мектептерді, мәдениет үйлерін, кітапханалар мен спорт нысандарын сабақтан кейін қосымша білім беру үшін кеңінен пайдалану керек.
— Шағын және шалғай ауылдарға мобильді қосымша білім беру жүйесін енгізу қажет. Арнайы жабдықталған көшпелі топтар бірнеше ауылды тұрақты кестемен қамти алады.
— Ауылда жұмыс істейтін қосымша білім педагогтері мен жаттықтырушыларды, музыка, өнер, IT, робототехника және техникалық шығармашылық мамандарын арнайы ынталандыру тетігін қарастыру қажет. Өйткені инфрақұрылым болғанымен, маман болмаса, үйірме жұмыс істемейді.
— Қосымша білім берудің бірыңғай мемлекеттік тапсырысы аясында ауылдық және шалғай елді мекендер үшін аумақтық түзету коэффициентін енгізу керек. Ол ауылдың шалғайлығын, балалар санын, топтардың нақты толымдылығын, мамандарды тарту және көлік-логистикалық шығындарды ескеруі тиіс.
— Қосымша білім — баланың бос уақытын ұйымдастыру ғана емес. Бұл — оның қабілетін ашу, өзіне сенімділігін қалыптастыру және болашағын таңдауға мүмкіндік беру. Ауыл баласының таланты ауылда қалып қоймауы керек. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігінен аталған ұсыныстарды қарастырып, 2030 жылға дейін әрбір ауыл баласына кемінде бір тегін үйірме немесе секцияға нақты қолжетімділікті қамтамасыз ететін кешенді жоспар әзірлеуді сұраймыз. Қала баласына қандай мүмкіндік берілсе, ауыл баласына да сондай мүмкіндік берілуі тиіс. Бұл — білімдегі тең мүмкіндік. Бұл — ауылдың болашағына салынған инвестиция, — деді ол.
Бұған дейін Құрылтай балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау мәселесін көтергенін жазған едік.