«Ауыл — ел бесігі» ауылдық аумақтардың дамуын қамтамасыз ете алмады — сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — «Ауыл — ел бесігі» жобасы 6 жылға жуық уақыт ішінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық кешенді дамуын толық көлемде қамтамасыз ете алмады. Бұл мәселені бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Ольга Булавкина депутаттық сауалында көтерді.
Депутаттың айтуынша, бағдарламаға 875 млрд теңге бөлінген және әлеуметтік нысандардан бастап инженерлік инфрақұрылымға дейінгі 6,6 мыңнан астам жоба іске асырылған. Алайда, сенатордың пікірінше, қаржыландыру көлемі мен сапа және жергілікті жауапкершілік бір-бірінен алшақ жатыр. Бұл бюджеттің тиімді игерілгеніне күмән келтіреді.
— Жүздеген ауыл кешенді аумақтық жоспарлаудың болмауына байланысты әлі күнге дейін негізгі әлеуметтік игіліктер мен инфрақұрылымға қол жеткізе алмай өмір сүріп келеді. Ауылдық электр тарату желілерінің көпшілігі 70-80%-ға тозып кеткен. Су желілерінің әбден тозуы су шығынына әкеледі. Сол себепті шағын және орта бизнеске жаңа қуат қосу мүмкін емес. Ал тозған инфрақұрылымды жиі жөндеуге жұмсалған шығын халық пен кәсіпкерлер үшін тарифте көрсетіледі. Мыңнан астам ауылда тұрақты интернет байланысы жоқ, ал елді мекендердің 58%-ына талшықты-оптикалық байланыс желісі қажет. Бұл ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге қолжетімділігінің шектелгенін көрсетеді, — деп атап өтті Ольга Булавкина.
Сенатор сонымен қатар ауқымды инвестицияға қарамастан, ауылдың дамуы біркелкі еместігін, шағын шаруашылықтар қазіргі заманғы технологияның жетіспеушілігі және инфрақұрылымның әлсіздігі және сатып алушыға тәуелділіктен әлі де құтыла алмай отырғанын атап өтті.
— «Ауыл — ел бесігі» жобасы 6 жылға жуық уақыт ішінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық кешенді дамуын толық көлемде қамтамасыз ете алмады. Инфрақұрылымды дамытуға салынған миллиардтаған қаржы ауылда мықты агроөнеркәсіп өндірісі мен сапалы жұмыс орындарының қалыптасуына алып келмеді. Осыған байланысты ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономика саласындағы нақты өлшенетін көрсеткіштерді ескере отырып, қазақстандықтардың өмір сапасына нақты әсерін бағалауға бағытталған мекемеаралық айқын бақылау қажет. Бұл жоба ауылдағы инфрақұрылымдық өзгерістер саясатында ғана емес, сонымен қатар идеология мен экономика бір топта жұмыс істейтін біртұтас модельге айналуы керек, — деді Ольга Булавкина.
Айта кетелік ауылдарда шағын өнеркәсіптік алаңдар құрылатыны туралы жазған едік.