Ауылдарда өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында ашылған жоба нәтижесінде 30 мыңға жуық тұрғыны бар 88 ауыл қосымша өртке қарсы қорғаумен қамтылды. Алайда жаңа пункттердің ашылуымен бірге олардың тұрақты жұмыс істеу мәселесі де өзекті болып отыр.
СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жомарт Асқаровтың айтуынша, бағдарлама басталғалы Төтенше жағдайлар департаменті ауылдық өрт сөндіру пункттеріне 28 техника тапсырған. Оның 25-і - өрт сөндіру автоцистернасы, екі УАЗ және бір «Нива» автокөлігі бар. Сонымен қатар арнайы киім, құрал-жабдықтар мен өрт сөндіру жабдықтары берілген. 151 ерікті арнайы даярлықтан өтті. Бағдарлама басталғалы ауылдық пункттер 62 өртті сөндіруге қатысқан. Оның сегізін ауыл құтқарушылары департамент бөлімшелерінің көмегінсіз өз күштерімен ауыздықтаған.
- Бүгінде негізгі мәселе - құрылған пункттердің толыққанды жұмыс істемеуі. Қазіргі уақытта 13 өрт сөндіру пунктінде тәулік бойы кезекшілік атқаруға адам саны жеткіліксіз. Қалыпты жұмыс үшін кемінде төрт қызметкер қажет болғанымен, кейбір елді мекендерде бір-екі адам ғана бекітілген, - дейді Жомарт Асқаров.
Жылыту маусымында өрт сөндіру пункттерін отын-көмірмен қамтамасыз ету, гараждарды жылыту және техниканың үздіксіз жұмысын ұйымдастыру да маңызды. Мәселен, Большая Малышка ауылындағы өрт сөндіру пунктінде жыл басында гараждың жылытылмауынан көліктің жанармай жүйесінің қатып қалуынан өртке шыға алмаған. Бұған қоса, 2011 жылы шығарылған өрт сөндіру көлігі үш айдан бері істен шыққан. Оның орнына резервтік техника – ЗИЛ қолданылып жүр.
Жаңа пункттердің құрылысы да бақылауды қажет етеді.
- Жол картасына сәйкес, СҚО-да жыл соңына дейін тағы 14 пункт ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, Лобаново және Тахтаброд ауылдарында қосымша екі пункт салу көзделген. Қазір 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алайда олардың дайындық деңгейі 15-85% аралығында. Николаевка, Асаново, Рассвет, Дайындық және Аққұдық ауылдарындағы құрылыс жұмыстары небәрі 15% орындалған. Бұл нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі екіталай, - дейді департамент бастығы.
Бұған дейін СҚО-да жылыту маусымы басталғалы бері 30-ға жуық өрт шыққанын жазған едік.