Ауыл мен мектепті сақтап қалу: Ақтөбеде әкім мен мұғалімдер көпбалалы отбасыларды шақырып жатыр

Фото: Сұлукөл орта мектебінің директоры А.Өтегенова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Көпбалалы отбасылар көшіп барса тұрғын үй алуға, жұмысқа орналасуға жәрдем береді. Тіпті мұғалімдер өзара ақша жинап, баспана сыйлауға әзір отыр. 

Сұлукөл ауылы

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Сұлукөл ауылындағы орта мектеп 2013 жылы салынды. Екі қабатты зәулім мектептің өз мәжіліс залы, спорт залы, асханасы, арнайы оқу кабинеттері бар. Мектеп кітапханасының кітап қоры да мол. Кейінгі жылдары дәл осы ауылда көші-қон үдей түскен. Қазір мектепте бар болғаны 58 бала қалды. Ал орта мектепті сақтап қалу үшін оқушы саны 80-нен асуы тиіс.

Фото: Сұлукөл орта мектебінің директоры А.Өтегенова
Фото: Сұлукөл орта мектебінің директоры А.Өтегенова

— 10 сыныпта 3, 11 сыныпта 2 оқушы қалды. Дәл осы 10-сынып оқушыларының ата-аналары мектеп негізгі болып қалса ауылдан көшіп кетпек. Мұғалімдер де осы ойда. Қазір мүмкіндікті жіберіп алмай, жан-жаққа хабарландыру бердік. Сұлукөл ауылына көшіп келетін адамдар болса, қуана қарсы аламыз. Әсіресе көпбалалы отбасылар қажет. Қазіргі кезде ауылға газ құбыры тартылып жатыр. Күзге дейін көгілдір отын беріледі, — деді Сұлукөл орта мектебінің директоры Айсәуле Өтегенова. 

Оның айтуынша, кейінгі жылдары көшу үрдісі тоқтамаған. Жыл өткен сайын адам саны азайып, көбі газ мәселесін көтерген. Сұранысқа сай қазір құбыр тартылып жатыр.

Фото: Сұлукөл орта мектебінің директоры А.Өтегенова

— Бізде 4, 7-сыныптарда 4 оқушыдан, 2, 3-сыныптарда 5 оқушыдан бар. 1-сыныптың өзіне 6 баладан өтініш түсті. Мектебіміз болса 170 орынға шақталған. Сонымен бірге ауылда балабақша бар. Әкімдік ғимаратында кітапхана, медициналық пункт орналасқан. Ауыл халқы мал шаруашылығымен айналысады, кейбірінің өз қожалығы бар. Көбі ауыл маңындағы Қаражыра кен орнында жұмыс істейді. Мұнда вахталық әдіспен еңбек етеді. Ауылдан 4 шақырым қашықтықта теміржол өтіп жатыр. Сонда жұмыс істейтіндері де бар, — деді мектеп директоры.

Фото: Сұлукөл орта мектебінің директоры А.Өтегенова

Мектеп ұжымы ақылдаса келе көпбалалы отбасы қоныс аударса ауылда бос тұрған үйді де сатып алмақ. Сонымен бірге химия, технология, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен бастауыш сынып педагогін де қабылдауға әзір. Қазір 21 мұғалім жұмыс істейді, ұжымда жастар да бар.

— Ауылда бос үйлер бар. Ауыл әкімі екі үйді қызметтік пәтер ретінде ұсына алады. Мұғалімдер отбасы болса ұжым болып жиналып, алып бергіміз келеді. Үйдің бағасы 400-500 мың теңгеден басталады, — деді Сұлукөл орта мектебінің директоры Айсәуле Өтегенова.

Велихов ауылы

Қарғалы ауданындағы Велихов негізгі мектебі жабылудың аз-ақ алдында тұр. Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов та әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріп, көпбалалы отбасыларды ауылға шақырды. Бұл Ресейге шекаралас ауылдың бірі. Мұнда Ақтөбе-Орск тас жолы жақын әрі ауыл табиғи таза аумақта орналасқан. Шөбі шүйгін, шаруалар да ұзақ жылдан бері осы маңда өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Фото: Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов

— Біздің мақсатымыз — мектеп контингентін көбейту. Биыл мектеп жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан ауылға көпбалалы отбасыларды шақырамыз. Бұған дейін неге айталмады? Себебі кейінгі 2 жылға ғана газ желісі тартылып жатыр. Биыл тұрғындар газ тұтына бастайды. Жұмыс 99% аяқталып тұр. Тек қосу қызметі қалды. Ауылда 60 үй бар. Ауылдағы «Велиховка» ЖШС-і мал және егін шаруашылығымен айналысады. «Дилэнд» ЖШС-і егін шаруашылығымен айналысады. Сонымен бірге мәрмәр тас өндіретін компанияның карьері бар. Мұның бәрі адамдар үшін жұмыс орны. Ал 2008 жылы 100 орындық мектеп салынды. Екі қабатты білім ордасы аудандағы жаңа мектептердің бірі. Тек спорт залы жоқ, дәлізін мәжіліс залы ретінде қолдануға болады. Мектепке мұғалімдер де керек. Жас мамандарды қабылдауға әзірміз. Бір айта кетерлігі, мектепте орыс сыныптары ғана бар. Білім бөлімі сұраныс болса қазақ сыныбын ашуға әзір. Неге қазақ сыныбы жоқ деген сұраққа келер болсақ, мектепте тек өзге ұлттар оқып жатыр, — деді Жолдас Қарағұлов.

Фото: Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов

Бұл ауылдағы үйлер 1960 жылдары салынған. Көбі ескі. Бірақ қолы епті адам өзі жөндеп те алады.

— Қазір тәуір бір үйде қарап отырмыз. Соны бюджеттен қаржы бөліп сатып алып, көпбалалы отбасына бергіміз келеді. Егер бір емес, бірнеше отбасы келсе, ауылдан үй сатып алуына болады. Хабарласып, мән-жайды сұрап жатқан адам көп. Мамандықтарын, отбасыдағы адам санын сұрап отырмын. Бәрін де алдымен келіп, көруге шақырамын. Ол да шағын саяхат болсын деп ойлаймын. Облыс орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан, Ақтөбе-Орск тасжолына жақын, — деді Велихов ауылдық округінің әкімі.

Бұл мектепте қазір небәрі 7 бала оқиды. Биыл 3 оқушы 9-сыныпты бітірген.

Фото: Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов

Велихов ауылы маңында бұрын темір рудасын өндіретін карьер ашылды. Жаңа өндіріс орны ауыл халқы санының көбеюіне ықпал етуі тиіс еді. Алайда жұмыс вахталық әдіспен болып, көшіп келгендер болмады. Кейін бұл карьер де жабылып қалды. Ауылдық округке қарасты Ақжайық ауылдағы мектеп болса осыдан 4 жыл бұрын жабылып қалған.

Фото: Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов

— Велихов ауылында қазір көшу тоқтады деп айтсам болады. Ал Ақжайықта тоқтамады. Велихов ауылына биыл газ беріледі. Көшудің тоқтауы осыдан. Ауылда 500 мың теңгенің де, миллионның да үйін табуға болады, — деді Жолдас Қарағұлов.

Фото: Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов

Ақтөбеде 202 шағын жинақты мектеп бар

Қазір Ақтөбе ауылдарында көші-қон тоқтамай тұр. Облыстық статистика департаментінің деректеріне сүйенсек, өңірде 952 мыңға жуық адам тұрады. Оның тек 24% ғана ауылда. Өзгесі қала тұрғыны.

Фото: Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұлов

Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 202 шағын жинақты мектеп бар. Оның 80-і, яғни, 39,6% нормативке сәйкес келмейді.

Норматив:

— оқушы саны 5 және одан көп болғанда — бастауыш мектеп;

— бала саны 41 және одан көп болғанда — негізгі мектеп;

— оқушы саны 81 және одан көп болғанда жалпы орта білім беретін мектеп.

Дәл осы нормативке сай келмейтін 80 мектептің 43-ін оңтайландыру жобасы да ұсынылды.

— Нормативке 1-5 оқушы жетпейтін мектеп саны — 18. Бұл мектептер оқушымен толығуы мүмкін. Сондықтан оңтайландыруға жатпайды. Шекара маңындағы 24 мектеп те оңтайландыруға жатпайды. Қазір оңтайландыруға жататыны — 43 мектеп. Оның 20-ы орта, 23-і негізгі мектеп. Жалпы облыста 405 мемлекеттік мектеп бар. Оның 20-ы бастауыш, 77-і негізгі, 308-і орта білім беру ұйымы, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 2025 жылдың аяғына таман халықта ауыз сумен қамту көрсеткіші 99,9%, ал газбен қамту 97% пайыз. Қазір өңірде барлығы 319 елдімекен бар.

Еске салсақ, Ақтөбеде білім беру ұйымдарын жөндеуге 5,4 млрд теңдеген астам қаржы жұмсалады. Күрделі жөндеу 19 білім беру ұйымына жүргізіледі