«Ауыл» партиясы жасанды интеллектімен жұмыс істейтін платформа әзірлеп жатыр

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – «Ауыл» партиясы жаңа цифрлық шешімдерді енгізіп, ішкі процестерді автоматтандыруға көңіл бөліп отыр. Бұл туралы «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев айтты.

− Бүгінде партия толық жаңғыру бағытын ұстанып отыр. Партия қызметін ұйымдастырудағы басты бағыт – жаңа цифрлық шешімдерді енгізу және ішкі процестерді автоматтандыру болып отыр. Қазір e-party электронды платформасы әзірленіп, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланып жатыр. Бұл жай ғана құрал емес, жасанды интеллект элементтері бар толыққанды цифрлық жүйе. Ол партия ішінде де, азаматтық қоғаммен де өзара әрекеттесудің ашықтығын, қолжетімділігін және жеделдігін қамтамасыз етеді, − деді С. Егізбаев «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда.

Партия төрағасы әлеуметтік желілердегі жұмысқа көңіл бөлініп, контент дайындау, онлайн қауымдастық қалыптастыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

− Біз партияға қабылдау форматын қайта қарап жатырмыз, оны барынша ыңғайлы, жылдам және ашық етуге тырысамыз. Өтініш беру, верификация және жаңа мүшелерді біріктіру үшін автоматтандырылған жүйе әзірленіп жатыр. Биыл ақпан айында социологиялық институттар жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша, партиямыздың танымалдық деңгейі 40% құрады. Бұл әрбір партия мүшесінің әлеуеті мен тиімділігін көрсететін нәтиже. Алайда біз азаматтардың сенімін нығайту және партияның ұстанымдарын күшейту бағытындағы жұмысымызды әрі қарай жандандыруымыз қажет, − деді депутат.

Бұған дейін С. Егізбаев Қазақстан картасынан 1,5 мыңнан астам ауыл жойылып кеткенін, қазір ауылда халықтың 37%-ы қалғанын айтқан еді.