Сұхбат барысында «Әли Бектаев (сенатор) партия төрағасы қызметін не себепті тапсырғаны» жөнінде сұрақ қойылды.
Өз кезегінде С. Егізбаев биыл қазан айынан бастап «Ауыл» ХДПП төрағасы болып сайланғанын еске салды.
«Әли Әбдікәрімұлы партияны 8 жыл басқарды. Қазір ол кісі — Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы. Осы орайда Сенатта көп жұмыс атқарып жүр. Атап айтқанда, Әли Бектаев партияның қиын кезеңінде, оңай емес жылдарында төрағалық етті», — деді Серік Егізбаев.
Ол 18 қазанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтіп, оған партияның барлық жиырма өңірлік филиалынан делегаттар қатысқанын айтты.
«Осы съезде бұл мәселені талқыладық. Әли Әбдікәрімұлы елге танымал саясаткер екені белгілі. Партияны 8 жыл басқарып, бірнеше саяси науқандардан өткізіп, сондай-ақ партияны Мәжіліске жеткізіп барып, төрағалықты тапсыру керек деген шешім жасады деп ойлаймын», — деді Мәжіліс депутаты, фракция жетекшісі.
Айта кетейік, «Ауыл» партиясы биылғы сайлау қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінде 8 депутаттық мандатқа ие болды.
Еске салсақ, биыл қазан айында партияның бұрынғы төрағасы Ә. Бектаев Парламент Мәжілісіндегі «Ауыл» саяси фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ Мемлекет басшысының депутаттар алдына қойған міндеттерін орындау жөніндегі жұмысын жандандыруы қажет екенін айтты.
«Осыны ескере отырып, Мәжілістің сайланған депутаттары арасынан партияның жаңа көшбасшысы болуы тиіс деп санаймын», — деді Әли Бектаев.
Ал өзі ҚР Парламенті Сенатындағы жұмысына негізгі көңіл бөлетінін жеткізді.