«Ауыл іргесінде аю жүр»: ШҚО-да инспекторлар аюды таба алмады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM –Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тұрғындары аюдың ауыл іргесіне кіріп кеткенін айтқаннан кейін сол жерге инспекторлар барды.
Таяуда Бобровка ауылының халқы елді мекен шетіне аю кіріп кетіп, бірнеше омартаны бүлдіргенін жеткізген болатын.
Сол кезде «Орман және аңшылық шаруашылығы» ММ қызметкерлері хабар түсе салысымен ауылға қарай жолға шыққан.
— Біздің инспекторлар аюды бірнеше күн бойы іздеді. Алайда аю да, оның ізі де табылмады, — дейді мемлекеттік мекеменің баспасөз хатшысы Мақсат Шакиров.
Оның айтуынша, аюлар әдетте елді мекендерге азық іздеп барып жатады.
— Қазір омарталардың көбі жылжымалы болып келеді және оларды ауылға жақын орналастырып жатады. Аю сол бал иісіне қарай келуі де мүмкін, — дейді Мақсат Шакиров.
Еске салсақ, осыған дейін Жапонияда жер сілкінісінен кейін бес кит жағаға шығып қалғаны хабарланған.