Р.Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің инвестициялық салымдар кезінде шеккен шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі субсидиялау қағидаларына сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын өтеуге бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылдың басында аталған қағидаларға киіктердің таптауынан ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға арналған топсалы торлар мен бағаналарды (металл және бетон) субсидиялауға қатысты өзгерістер енгізіліп, осы қорғаныш құрылымдарына қойылатын тиісті техникалық талаптар белгіленді.
Бұл ретте топсалы торлар мен бағаналарды субсидиялау олардың құнының 50 пайызы мөлшерінде, бірақ тордың әрбір қума метрі үшін 300 теңгеден және бір бағана үшін 1 875 теңгеден аспайтын көлемде жүзеге асырылатыны көзделген.
- Сонымен қатар биылғы 21 сәуірде қағидаларға бастапқыда белгіленген талаптарды жеңілдетуге бағытталған қосымша өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, қорғаныш торының биіктігіне қойылатын талап 1,6 метрден 1,2 метрге дейін төмендетілді, сондай-ақ сымның диаметрі 2,5 мм-ден 2,0 мм-ге дейін азайтылды, - дейді Р.Зұлқашев.
Басқарма деректеріне сәйкес облыс көлемінде 45 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің 34,4 мың гектар жері топсалы тормен қоршалған. Бұл киіктер мен ауыл шаруашылығы жануарларының егістік алқаптар мен шабындықтарды таптауының алдын алу үшін аса қажет.
- Бұл мәселе, әсіресе, соңғы жылдары облыстың киік және қуаңшылық зардабын көп тартқан оңтүстік аудандарында өзекті болып тұр. Аталған өңір шаруалары біртіндеп мал азықтық дақылдарды егуге бет бұруда. Мәселен, 2026 жылы Бөкей ордасында 1,6 мың га, Жаңақала ауданында 500 га, Жәнібекте 2,7 мың га және Казталовта 900 га мал азықтық дақылдар егілді. Казталов ауданында бұдан бөлек 600 га өткен жылдары егілген көп жылдық шөп алқаптары бар. Дегенмен биыл бүгінгі күнге дейін топсалы тор үшін субсидияларды алуға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өтінімдер түскен жоқ, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктердің егістікке түсіп жатқаны рас па, соны жазған едік.