Батыс Қазақстанда киіктердің егістікке түсіп жатқаны рас па
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында егістікке киіктің түсіп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат тарады.
Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылдық округі «Нұржан» шаруа қожалығының басшысы Сүйінғали Рахметовтің мәлім еткеніндей, киіктің шеті жоқ.
- Күн сайын жағдай осы. Еккен еңбегіміз еш кетті, бәрін жеп болды. Алқапты қоршауға дәл қазіргі сәтте мүмкіндігіміз жоқ, - дейді С.Рахметов.
Аталған шаруа қожалығы 50 гектар жерге судан шөбін еккен.
Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылының тұрғыны, «Сисенғалиев Р.А.» шаруа қожалығының басшысы Исатай Сисенғалиевтің мәлімдеуінше, миллиондаған киік техникамен қайыруға күш бермейді.
- Егістік алқабын тек тормен қоршап, қорғанбасақ, басқа амал жоқ. Ал тормен қоршау өте қымбатқа түседі. Әр шаруаның жағдайы көтермейді. Бұл ертең үлкен талас-тартысқа соқтыруы мүмкін. Еңбегі еш кетіп, егінін киік отап кетсе, әрине, шаруа ашынады. Сондықтан әуелі қоршап алмай, ештеңе екпеген жөн. Киік жан-жаққа қашып, айдауға көнбейді, қайтып келіп тұрады. Басымнан өткен соң айтып тұрмын, - дейді И.Сисенғалиев.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына жолыққан еді.
Инспекция басшысы Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, облыс бойынша киіктердің егістікке түсу деректері тіркелген жоқ.
- Барлық егістіктердің қасында 36 топ күзету жұмыстарын атқаруда. Атап айтқанда, Казталов ауданында 11 (1 686 гектар), Жаңақалада 2 (370 га), Жәнібекте 23 (4 177 га) және Бөкей ордасында 2 (300 га) шаруа қожалығының жерлері қорғалуда. Шаруалар негізінен судан мен жоңышқа еккен, - деді Н.Рахымжанов.
Оның айтуынша, биылғы киік санағының қорытындысы әлі шыққан жоқ. Қазіргі уақытта төлдеу аяқталды. Ақбөкендердің көпшілігі Жәнібек пен Казталов ауданында шоғырланған.
Инспекция мәліметіне сәйкес жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 18 190 бас киік өлексесі жойылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да аурудан малы шығынға ұшыраған шаруалар өтемақы ала ма, соны жазған едік.