Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің айлық табысы екі есе өсуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі сала мамандарының табысын арттыру жөніндегі қаулы жобасын дайындап, Үкіметке ұсынды.

Коллаж: Kazinform

Құжат жоғары жетістіктерге жеткен, шұғыл әрі маңызды міндеттерді атқарған, сондай-ақ күрделі тапсырмаларды орындаған қызметкерлердің айлығына қосылатын үстемеақыны 100%-ға дейін көтеруді көздейді.

— Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына 15-қосымшаға өзгеріс енгізуді көздейді. Атап айтқанда, мекемені дамытуға бағытталған жұмыс, тәжірибеде озық әдістерді қолдану, жұмыстағы жоғары жетістіктер, ерекше маңызды немесе шұғыл жұмыстарды орындау, сондай-ақ жұмыстың күрделілігі мен қарқындылығы үшін белгіленетін үстемеақының мөлшерін базалық лауазымдық айлықақының 50 пайызынан аспайтын мөлшерден лауазымдық айлықақының 100 пайызына дейін ұлғайту ұсынылады, — делінген қаулыда.

Министрліктің мәлімдеуінше, жобаны қабылдау мемлекеттік сортсынау жүйесі қызметкерлерінің еңбекке ынтасы мен қызығушылығын арттыруға, кадрлық әлеуетті сақтауға, жаңа білікті мамандарды тартуға және сорт сынау жүйесінің инновациялық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарлары болмайды.

Құжат 17 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Айта кетейік, бұған дейін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы құжат нысандары қайта қаралатынын жазғанбыз.

Сонымен бірге Президент Ауыл шаруашылығы министріне азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды тапсырды.