Ауыл шаруашылығы министрлігі нан бағасы туралы: Дүрбелеңге салынуға себеп жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің кей өңірлерінде құрғақшылық байқалып, егін аз өнім беруі мүмкін болса да, нан бағасы өспейді. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Шаруалардың «өнімді жыл» деген ұғымға қатысты көзқарасы басқаша. Егін мол өнім берсе, біз «жақсы жыл» дейміз. Ал олар өнімді аз алса, жақсы жыл болды деп есептейді. Себебі, аз шықса, өнім бағасы қымбат болады. Ол әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісінің өзіндік құнына да әсер етеді, — деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, бидай құны айтарлықтай өзгерген кездерде де нан бағасы қымбаттамаған.

— Төрт жыл бұрын бидайдың тоннасы 180 мың теңге болды. Қазір ол 90 мың теңге шамасында. Содан бері нанның бағасы 110 теңгеден өзгерген жоқ. Мемлекет осы бағаны сақтау үшін барлық қажетті іс-шараны атқарып жатыр, — деді ол.

Бұл мәселе бойынша алаңдауға негіз жоқ екенін де атап өтті.

— Нансыз қаламыз немесе нанның бағасы қымбаттайды деп қауіптенуге әлі ерте. Бұл жайтқа қатысты дүрбелеңге салынуға болмайды. Алда-жалда ойламаған жағдайлар орын алып жатса, мемлекет бағаны ұстап тұру бойынша керекті шараларды қабылдайды. Біздіңше, қазіргі ахуалда уайымдауға себеп жоқ, — деп түйіндеді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі қант бағасының күрт өзгеру себебін түсіндіргенін жазғанбыз.