Ауыл шаруашылығы өндірісі: Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда 1 млрд долларға артқан

АСТАНА. KAZINFORM – Екіжақты ынтымақтастық одан әрі күшейе бермек. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен болған келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.

Коллаж: Kazinform/ Freepik

– Біздің көпқырлы ынтымақтастығымыз екі мемлекеттің халқына іс жүзінде пайда әкелетін ауқымды жобаларға негізделеді. Сауда-экономикалық байланыстардың тұрақтылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі Қазақстан және Ресей экономикасының негізгі салаларын тұрақты түрде дамытып келеді, – деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірісінің өзінде екіжақты сауда соңғы бес жылда 1 млрд долларға артқан.

– Бұған дейін айтылғандай, Ресей Қазақстанға тікелей инвестиция құю көрсеткіші бойынша ең алдыңғы орында. Бұл көрсеткіш 29 млрд доллардан асты. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 млрд долларға жетті. Бұл да жақсы көрсеткіш. Қазақстанда Ресейдің үлесі бар 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Биыл 20 тамызда болатын өңіраралық форум өзара ынтымақтастықты одан әрі өркендететініне сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы жақын арада 30 млрд доллардан асып түсетінін жазғанбыз.