Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық банкіне «ұлттық» мәртебе берілмек

Фото: Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің ұлттық гендік қоры» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары жобасын әзірледі. Оның аясында «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС (бұдан әрі – ЕӨҒЗИ) базасында «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің ұлттық гендік қоры» РММ құру көзделген. Осы жұмыстың аясында ЕӨҒЗИ ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық банкіне «ұлттық» мәртебесін беру, кейіннен өсімдік үлгілерінің коллекцияларын мемлекеттік тіркеуден өткізу жоспарланып отыр»,- деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, елімізде селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңға «Тұқымдардың ұлттық генетикалық банкі» ұғымын енгізу, оның жұмыс істеуінің негізгі ережелерін айқындау, тұқым шаруашылығы субъектісінің тізбесіне енгізу, сондай-ақ қызметін мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етуге және оны тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеу құралы ретінде пайдалануға қатысты норманы белгілеу бөлігінде түзетулер әзірленіп жатыр.