Ауыл шаруашылығы санағының алғашқы күні 5 мыңға жуық респондент қатысты

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі басталды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алғашқы күні 4,9 мыңнан астам адам sanaq.gov.kz сайтында сауалнама парағын толтырды.

Қатысушылардың арасында фермерлер де, жеке қосалқы шаруашылық иелері де бар. Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы жарияланған.

Біріншісі – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, фермерлік/шаруа қожалықтары, дара кәсіпкерлер үшін, екіншісі – жер телімі бар не мал ұстайтын үй шаруашылықтарына арналған.

Туындаған сұрақтар бойынша Sanaq мырза чат-ботына жазуға немесе 1446 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады. Сауалнама толтыруға арналған бейненұсқаулықтар да бар. Онлайн кезең 31 тамызға дейін жалғасады.

20 қыркүйектен бастап санақтың екінші кезеңі өтеді, бұл кезеңде интервьюерлер үй-үйді аралайтын болады. Айта кету керек, барлық ұсынылған ақпарат қатаң құпия сақталады. Мәліметтер тек статистикалық мақсатта қолданылады және салық органдарына немесе өзге де мемлекеттік мекемелерге берілмейді.

Ал ауыл шаруашылығы санағына қатыспауға бола ма деген сауалға жауап алғыңыз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.