Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап жер учаскелерін беру электрондық форматқа көшіріледі. Бұл үшін бірыңғай жер картасы жұмыс істейді. Оның көмегімен әлеуетті жер пайдаланушылар бос учаскелерді нақты уақыт режимінде көріп, өтінімді онлайн бере алады.
– 1 қаңтардан бастап жер берудің электрондық форматына көшеміз. Жер картасы жұмыс істейтін болады, яғни әлеуетті жер пайдаланушы нақты уақыт режимінде қандай жер учаскелері бос екенін және қайта бөлуге дайындалып жатқанын көре алады. Сәйкесінше, ол электронды форматта қатыса алады. Жер комиссиясы алынып тасталады. Осылайша, ең алдымен ашықтық қамтамасыз етіледі, екіншіден, адам факторы жойылады, үшіншіден, ықтимал сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілмейді, – деді Азат Сұлтанов.
Ол жаңа жүйе арқылы жер бөлу процесі толық онлайн режимге көшетінін және әрбір кезеңнің орындалу мерзімі көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар бірыңғай жер картасы арқылы бір өңірдегі азамат басқа облыстағы жер учаскесіне де өтініш бере алады деп атап өтті.
Айта кетейік, Алматыда әртүрлі мақсатта 40-тан астам жер учаскесі сатып алынады.