Ауыл тұрғындарына арналған ипотекалық бағдарлама әзірлеу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкіметке ауыл, аудан тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5%-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын жеңіл ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
— Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы банктің қызметін қайта қарау керектігін айтып, басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн» деп нақты бағдар берді. Бүгінде ауылдарда, аудандар мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады, бұл Қазақстан халқының 43%-ын құрайды. Ал тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда 26,9 шаршы метр болса, ауылдарда бір адамға шаққанда небәрі 20,7 шаршы метр, — деді Ерлан Сайыров Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдай отырып.
Халық қалаулысы келтірген мәліметке сүйенсек, жыл басында ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1200 авариялық үй, моноқалаларда 2,3 мың адам тұратын 76 авариялық үй болды. 2022-2024 жылдары жаңа тұрғын үйдің тек 20%-ы ауылдық жерлерде пайдалануға берілді.
— Мұндай диспропорция, ең алдымен, ауыл тұрғындары үшін ипотекалық, Отбасы банкі өнімдерінің қолжетімсіздігімен және халықтың хабардар болуы деңгейінің төмен болуына байланысты. Отбасы банктің консультациялық орталықтары тек 4 моноқалада және 5 шағын қалада жұмыс істейді, ауылдар мен аудандардың көп бөлігінде мүлдем жұмыс істемейді. Былтыр Отбасы банкі бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ ауылдарда жеке тұрғын үйлер салуға қолжетімді қаржыландыруды ұсынатын «Асыл мекен» пилоттық бағдарламасын іске қосты, — деді Ерлан Сайыров
Оның мәлімдеуінше, Отбасы банкі жоғарыда аталған пилоттық бағдарламаны іске асыруға өз қаражатынан 2 млрд теңге бөлді. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар мен өтініш берушілерге қатысуға басымдық берілді. Қарыздың ең жоғары сомасы 10 млн теңгені құрайды. Алайда бағдарлама тиімділігі болғанына қарамастан жалғасын таппай, қаржыландыру тоқтатылды.
Осылайша Мәжіліс депутаты Үкімет келесі шараларды қабылдауы қажет деп есептейді:
1. «Асыл мекен» бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту. Шағын қалаларды қамти отырып, бағдарламаның бүкіл ел аумағында тұрақты іске асырылуын қамтамасыз етіп, республикалық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлуді көздеу;
2. Ауылға бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеу. Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5%-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10%-дан бастап жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттар үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету;
3. Жергілікті атқарушы органдармен үйлестіруді күшейту. Шығыс Қазақстан облысындағы «Бір қабатты Шығыс» және Жетісу облысындағы «Жерұйық» жобаларының табысты тәжірибесін пайдалана отырып, бағдарламаларды бірлесіп іске асыру үшін әкімдіктермен келісімдер жасасу;
4. Отбасы банкі консультациялық және ақпараттық сервистерінің географиясын кеңейту. Әр ауданда қызмет көрсету орталықтарын ашу, мобильді офистер ашу, бүкіл ел бойынша ақпараттық-ағарту науқандарын бастау. Отбасы банктің қызметін қайта қарау Қазақстанның әділетті, теңгерімді және қол жетімді болашағына жасалған қадам.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев халықты жұмыспен қамтуға бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалып жатқанын айтып, Үкіметке дабыл қақты.