Ауылдағы «құдайы қонақ» цифрланды: Icaravan платформасында 60-қа жуық үй тіркелді

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ауыл тұрғындары мен саяхатшыларды тікелей байланыстыратын Icaravan (Айкараван) атты жаңа цифрлық платформа іске қосылды. Жоба авторы, кәсіпкер Талғат Әли «Jibek Joly» телеарнасының «Bugin.LIVE» бағдарламасында ауылдағы «құдайы қонақ» салтын заманауи технологиямен қалай ұштастырғанын айтып берді.

Icaravan – бұл ауыл тұрғындары мен саяхатшыларды тікелей байланыстыратын платформа. Мұнда қонақ үйлер емес, қарапайым отбасылар қызмет көрсетеді. Саяхатшы қосымша арқылы такси шақырғандай оңай әдіспен өзіне ұнаған үйге ұсыныс тастай алады.

– Мен 14 жыл шетелде тұрып, жинаған тәжірибемді өз ауылыма пайдасы тисін деген ниетпен осы жобаны бастадым. Ауылдағы ағайынға бұны «құдайы қонақ» салты арқылы түсіндірдік. Ауыл адамына «сіз ақшаға тамақ сатпайсыз, сіз жолаушыға пана боласыз» десек қана олар тез түсінеді. Бұл – әлемде дамып келе жатқан «Slo-tourism», яғни қарапайым жолмен саяхаттау мәдениеті. Қазір платформада 60-қа жуық үй тіркелген, мақсатымыз бұл көрсеткішті 1000-ға жеткізу, – дейді Талғат Әли.

Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда Көлсай мен Алтын Емел ұлттық парктерінің маңындағы ауылдарда қызмет көрсету құны бір адамға 10-15 мың теңге аралығында. Бұл сомаға жатын орын, кешкі және таңғы ас кіреді.

– Туристке бес жұлдызды отель емес, сол жердің табиғаты мен адамдардың қонақжайлылығы маңызды. Оған Саты ауылы дәлел. Көлсайға ағылған жарты миллион адамды отельдер емес, қарапайым ауыл үйлері қабылдап отыр. Біздің жүйеде тамақ ресторандағыдай емес, үй иесі өздері не жесе, соның бір бөлігімен қонақпен бөліседі. Екі жақ та бір-біріне баға беріп, қауіпсіздік мәселесі әлемдік тәжірибе бойынша реттеледі, – деп атап өтті кәсіпкер.

Статистикаға сүйенсек, былтыр Қазақстанға 15,7 млн шетелдік турист келген. Әсіресе, Ресей, Қытай, Үндістан және Германиядан келетін қонақтардың қарасы қалың. Icaravan қосымшасы қазірдің өзінде қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қызмет көрсетеді.

Болашақта платформа тек қонақ күтумен шектелмей, ауылдағы жергілікті гидтер мен трансфер қызметтерін де картаға енгізуді көздеп отыр.

Айта кетейік, Қазақстанның туризм саласы жаңа белеске көтерілді. 2025 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 6,7 млн адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 741 мыңға артқан.