Ауылдардағы 1,5 млн адамды медициналық сақтандыру бюджет есебінен болады
Қазір медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр 3 млн-нан астам адам сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Елімізде 3,3 млн адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Бұл адамдардың басым көпшілігі ауылдарда тұрады. Осы адамдар скрининг, медициналық тексерумен қамтылмай отыр. Яғни жыл сайын елімізде әлеуметтік әділетсіздік асып бара жатыр», - деді Е. Саиров.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тиісті заң 5 жыл бұрын енгізілген кезде, әр азамат міндетті әлеуметтік жүйеге кіруі тиіс екенін айтты.
«Қазір 3 млн-нан астам адам осы жүйеге кірмей отыр. Отбасылық цифрлық карта бойынша жүйеге кімдер енбегенін қарап, талдау жасадық. Бұл тұрғыда осы адамдардың арасында 800 мыңының жағдайы жақсы екені көрініп тұр. Яғни цифрлық карта арқылы баспанасы, тұрақты табысы бар осы адамдар жүйеге кірмей отыр. Бұл ретте, 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырған кезде, оларды тартуға болады», - деді министр.
Бұдан бөлек ол 1,5 млн адамның табысы тым аз екенін және олардың басым бөлігі ауылдарда тұратынын айтты.
«Осы адамдарды сақтандыру бюджет есебінен болсын деген ұсыныс енгіздік. Бұл тақырыпты Парламентте, Үкіметте, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарда талқылаймыз. Алдын ала есеп бойынша осы адамдарды қамту үшін 80 млрд теңге қажет болады», - деді ведомство басшысы.