Ұлттық экономика министрі бұйрығымен енгізілген өзгерістерге сәйкес енді ауылдық елдiмекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген немесе оқудан оралған цифрлық технологиялар және архив ісі саласындағы мамандарға мемлекет тарапынан мынадай әлеуметтік қолдау шарасы көрсетіледі:
— 100 еселенген АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы;
— тұрғын үй сатып алу немесе салуға ауданның әкімшілік орталығына 2 500 АЕК, ал ауылдық елді мекенге 2 000 АЕК мөлшерінде бюджеттік кредит.
Бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдауды жақын туыстан тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болмайды. Маман жұбайынан, ата-анасынан, атасы мен әжесінен, балаларынан, аға-інілері мен апа-қарындастарынан үй сатып алу үшін бұл кредитті ала алмайды.
Сондай-ақ азаматтың өзі тұрақты тұрып жатқан тұрғын үйді сатып алуға да бюджеттік кредит берілмейді.
Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін мұндай әлеуметтік қолдау ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана ұсынылады.
Бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жаңа мамандықтар қосылғанын жазған едік.