Ауылшаруашылық тауар өндірушілер ҚҚС-тан толық босатылмайтын болды

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ауылшаруашылық тауар өндірушілерге ҚҚС салу саясаты өзгеріссіз қалады. Мәжілісте Салық кодексінің жаңа редакциясын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осындай мәлімет айтты.

- Арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бойынша ҚҚС саясатын сол күйінде қалдырамыз. Яғни, 70% жеңілдік қалады, - деді ол.

Вице-премьер өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 20% болатынын да айтты.

- Біз салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартамыз. 12 салықтың орнына 11 болады. 10 төлемнің ішінен жарнама орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін алынатын төлемдер алынып тасталады. 3 төлемді біріктіру ұсынылады: су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдер. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады. Бұл төлемдердегі мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады, - деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылып отыр. Алым мөлшерлемелерінің 34 түрі алынып тасталмақ.

- Сонымен қатар мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады, - деді министр.

Айта кету керек, Салық кодексінің жаңа редакциясында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегін 40 млн теңге деп белгілеу ұсынылып отыр.