Әуежайда ел мақтаныштарын жақындары, туған-туыстары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Сергей Цырульников бұл жеңіс командалық жұмыстың, сондай-ақ қазақстандық спортшылардың мұқалмас ерік-жігері мен қайсар мінезінің нәтижесі екенін атап өтті.
Ташкентте өткен турнир қорытындысы бойынша қазақстандық атлеттер жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс нәтижесі бойынша жалпы 59 медаль жеңіп алды, оның 19-ы алтын. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 17 жасқа дейінгі қыздар арасында және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында барлық қатысушы елдердің ішінен бірінші орынды иеленді.
Сондай-ақ құрлық біріншілігінде отандық ауыр атлетика мектебінің жоғары деңгейін кезекті мәрте дәлелдеген спортшылар Азия мен әлем рекордтарын жаңартты.
Халықаралық дәрежедегі төреші, Азия ауыр атлетика федерациясы Техникалық комитетінің төрайымы Ольга Соловьева Ташкенттегі жарыс 2028 жылғы Олимпиада ойындарында жүлделер сарапқа салынатын салмақ дәрежелері бойынша өткізілгенін жеткізді. Сондықтан жас спортшыларымыздың нәтижелері айрықша назар аударуға тұрарлық.
— Қазақстандық спортшылардың көрсеткіштерін біз ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағалап отыр. Азияда ауыр атлетикадан бәсекелестік қашан да жоғары. Соған қарамастан Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті қазір жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларымызды біздің Олимпиададағы болашағымыз деп ерекше атап өтті, — деді Ольга Соловьева.
Әуежайда спортшылардың шаршағаны байқалса да, олар шын жүректен қуанышты болды. Өйткені артта жеңіс және жүлдемен аяқталған тартысты жарыс қалса, алда жаңа мақсаттар мен жоспарлар күтіп тұр.
Снежана Кашкарова 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жалпы есепте 5 алтын медаль жеңіп алды. Ол жұлқа көтеруде 88 келі салмақты бағындырды.
— Серпе көтеру — менің мықты тұсым болмағандықтан, сәл қиындау болды. Бірақ барлығы қолдау көрсетіп, сенім білдірді, бұл маған қосымша жігер берді. Осы жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын, — деді Снежана Кашкарова.
Еске салайық, қазақстандық ауыр атлеттер Азия чемпионатында 59 медаль жеңіп алды.