«ҚазАвтоЖол» бұл көлік компанияға тиесілі емес екенін нақтылады.
Компанияның мәліметінше, бұл учаскедегі АӨС техникалық тұрғыдан жарамды және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар бейнежазбадан жекелеген жүк көліктерінің автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау жүйесін айналып өту үшін оған іргелес орналасқан техникалық өткелді пайдаланғаны көрінеді.
— Аталған техникалық өткел республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрамына кірмейді, «ҚазАвтоЖолдың» балансында жоқ және компания тарапынан салынбаған. Оны салу мен пайдаланудың құқықтық негіздеріне қатысты мәселелер компанияның құзыретіне кірмейді және тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан құқықтық бағалауды талап етеді, — делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» бұған дейін АӨС-ті айналып өтуі мүмкін бағыттарға бірнеше рет кедергілер орнатқан. Алайда бұл кедергілер бөгде тұлғалар тарапынан өз бетінше алынып тасталған.
АӨС-ті айналып өтудің кезекті деректері анықталғаннан кейін компания қосымша шаралар қабылдады. Бүгін арнайы техниканың көмегімен аталған бағыт арқылы ауыр жүк көліктерінің өту мүмкіндігі толықтай шектелді.
— АӨС тасымалдаушыларға кедергі келтіру үшін орнатылмайды. Оның негізгі міндеті — көлік құралдарының белгіленген салмақ-габариттік параметрлерді сақтауын бақылау және автомобиль жолдарын шамадан тыс жүктемеден қорғау. Артық жүк жолда ойық іздер мен деформациялардың пайда болуын жеделдетіп, жол жамылғысының пайдалану мерзімін қысқартады және оны қалпына келтіруге қосымша шығындарды талап етеді, — деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
«ҚазАвтоЖол» автомобиль жолдарын қорғауға бағытталған қажетті инженерлік-техникалық шараларды қабылдауды жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар АӨС-ті қасақана айналып өту, орнатылған кедергілерді өз бетінше алып тастау және салмақ бақылауынан жалтару мақсатында бөгде жолдарды пайдалану деректеріне құзыретті мемлекеттік органдар тиісті құқықтық баға беруге тиіс.
Еске салайық, бұған дейін «ҚазАвтоЖол» шамадан тыс жүк Талдықорған — Өскемен жолын бүлдіріп жатқанын хабарлаған едік.