Ауыз су сапасы қалай тексеріліп жатыр

Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқыны кезінде ауыз су сапасын тексеру жұмыстарына түсінік берді.

«Республика теңгеріміндегі 41 топтық су құбыры бойынша «Қазсушар» РМК және «Нұра топтық су құбыры» РМК-сы су тасқыны кезіңіне дайындық бойынша барлық қажет шараларды қабылдады. Бірінші кезекте суды тазарту және дезинфекциялау үшін химиялық реагенттердің тиісті қоры жасалды. Ауыз суды тазартудың және залалсыздандырудың барлық кезеңдерінде мониторинг тәулік бойы жүргізілді», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 

Бұл тұрғыда ведомство су халыққа берілмес бұрын технологиялық талаптарға сай залалсыздандырылып, тазартылатынын хабарлады. 

«Сынама алу барлық көрсеткіштер бойынша атқарылады (әр 8 сағат сайын және қалдық хлор – сағат сайын, бактериологиялық – тәулігіне 1 рет). Ауыз судың мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі. Жалпы су тасқыны кезеңінде өңірлерде ауыз су сапасының нашарлауы байқалмады», - деп аталып өткен Су министрлігі ақпаратында.