Аукционда Ә.Қастеевтің суреттері сатылады

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазіргі өнер мұражайында «Коллекциялық кескіндеме, графика және зергерлік бұйымдар» атты аукционалды көрме ашылды.

Көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Батыс Еуропа елдерінен шыққан өнер майталмандарының кескіндеме-графика шығармалары және зергерлік бұйымдары шығарылып отыр. Олардың ішінде Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева, Жанатай Шәрденов, Исаак Каплан, Константин Коровкин, Салихитдин Айтбаев, Сергей Калмыков, Ахмет Ходжиков сынды суретшілер мен қолөнер шеберлері бар. Төрт күндік көрмеден кейін барлық шығармалар 20 сәуір күні Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында сатылады. Ол жерде күндіз сағат 16:00-де арнайы аукцион ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бүгін елордада ашылған көрмеде барлық туындылардың бағасын білуге болады. Мәселен, Ә.Қастеевтің су боямен (акварель) салған «Шекара» және «Біржан сал» шығармалары 12-20 мың долларға бағаланып отыр.