Ауқымды әрі маңызды – Рахым Ошақбаев Президенттің шаралар пакеті туралы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев қазақстандық әлеуметтік модельге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз елімізде жарияланған шаралар легін жинақтап, оны шартты түрде «Әлеуметтік шаралардың президенттік пакеті» деп атадық. Оған 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем, зейнетақының индексациясы, жылдық 10 пайыздық мемлекеттік жәрдемақы, несиені 90 күнге шегеру, коммуналдық шығындар үшін 15 мың теңгеден бөлу, әлеуметтік маңызы бар тауарларды мемлекеттік реттеу, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына бөлінетін қаражатты 1 трлн теңгеге дейін арттыру қадамдарын жатқыздық», - деді Рахым Ошақбаев онлайн режимдегі дөңгелек үстел барысында.

Орталық басшысының айтуына қарағанда бұл ауқымды әрі маңызды шаралар саналады.

«Президенттің әлеуметтік шаралар пакеті қазіргі таңда әлеуметтік саясатта Үкімет тарапынан кедергісіз орындалуы тиіс тапсырмаға жатады. Жалпы әлемдік тәжірибеде әлеуметтік саясат моделі үшке бөлінеді. Олар: скандинавиялық, континенталдық және англо-саксондық. Атап өткен амалдардың соңғысы жеке қамтамасыз ету, жоғары жауапкершілік сипатына ие. Континенталдық амал – әлеуметтік қорғау саласына баса маңыз беретін еуропалық модель. Скандинавиялық модель – мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерінің әмбебап сипатқа ие болуы. Ондайда мемлекет халықтың әлеуметтік әл-ауқаты үшін жауапкершілікті өзіне алады», - деді спикер.

Осылай дей келе Рахым Ошақбаев қазақстандық модель туралы сөз қозғады.

«Егер біз қазақстандық модель туралы айтар болсақ, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру саласында минималды пакеттер қарастырылған. Оған жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау, ең төменгі айлық, зейнетақы, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, тегін орта білім, тегін жоғары білімді конкурстық негізде алу, қолжетімді ақыға азаматтарға үй ұсыну шаралары енеді», - деді ол.