Ауқымды инвестициялар компанияның ресурстық әлеуетін арттыруға, ұлттық мұнай өңдеу, мұнай-химия салаларын дамытуға бағытталады - «ҚазМұнайГаз» компаниясының президенті

АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қазақстанның мұнай өңдеу, мұнай-химия салаларын дамыту бағытында бірқатар маңызды шаралар мен инвестициялық жобаларды қолға алмақ.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстанның алғашқы мұнайшысы Сафи Өтебаевтың туғанына 100 жыл және Қазақстанда мұнай өндірудің басталғанына 110 жыл толуына арналған салтанатты шара барысында компания басшысы Қайыргелді Қабылдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, маңызды инвестициялық жобалар компанияның ресурстық әлеуетін арттыруға, Ұлттық мұнай өңдеу, мұнай-химия салаларын дамытуға бағытталған. «Бұған ең алдымен Қашаған мұнай кенішін игеруге қатысу жобасын атауға болады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы шетелдік ірі компаниялармен бірігіп, бірқатар болашағы зор блоктарда геологиялық барлау жұмыстарын атқаруда. Соның ішінде Жемчужина, «М» блогі, Жамбыл кеніштері бар», - деді Қ.Қабылдин.«Елбасы биылғы халыққа Жолдауында және «Нұр Отан партиясының ХІІ съезінде еліміздің мұнай өңдеу, мұнай-химия салаларын дамыту тапсырмасын алға қойған болатын. Осы міндеттерді орындау бағытында бірқатар істер жасалуда. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жаңарту жүріп жатыр. Алдағы жылдары Павлодар және Шымкент қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарын кешенді жаңғырту көзделуде. Мұнай-химия саласын дамытуға серпін беретін істер бар. Ол ? Атырау қаласында бірлескен мұнай-химия зауытын салу, сонымен қатар Маңғыстау облысында битум өндіруді жолға қою», - деп атап көрсетті ол.