Аулаңыздағы дүкен заң бұзып отыр: Жастар қозғалысы кәсіпкерді қалай заңға бағындырды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының белсенділері кәмелетке толмаған жастарға ішімдік сататын дүкеннің иесін велопикет арқылы заңға бағындырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеодан алынған кадр/instagram.com/zhana.adamdar

Жастар қозғалысының өкілдері 13 маусымда, «Заң» деген атпен азаматтық акция өткізген болатын.

Сол кезде Күйші Дина 23/1 мекенжайында орналасқан «Айдын» дүкенінің қызметкері 16 жастағы жасөспірімге құжатын сұрамастан 40 градустық ішімдік сатқанын анықтаған.

Дүкен әкімшілігі заң бұзуды доғару талабына өте дөрекі жауап беріп, өз кінәсін мойындамай, қозғалыстың белсендісіне шабуыл жасаған.

«Содан бері бір ай бойы «Айдын» дүкенінде «италиялық ереуіл» өткізіп, дүкен иелерін әдетті табыстан айырып көрдік. Соған қарамастан, дүкен өкілдері бұдан былай заң бұзбауға уәде беруден бас тартты. Біз де алған беттен айнымай басқа әдісті пайдаландық. Күні бойы біздің белсенділер дүкен алдында велосипедпен айналып жүріп, маңайдағы үйлердің тұрғындарына «Айдын» дүкені заңға қайшы әрекетке баратынын айтып жүрді. Көршілер велопикетті белсенді талқылаған. Аулаға ілінген баннерді де жұрт қызу талқылады. Осылайша бір ай өткенде ғана дүкен әкімшілігі келіссөзге көнді. Дүкен иесі өз кінәсін мойындап, камера алдында кәмелетке толмаған жастарға ішімдік сатпау туралы уәде берді. Енді сол уәденің қалай орындалғанын тексереміз», - дейді қозғалыс белсендісі Төлеби Биқасым.