Аумақ, қауіпсіздік, тұтқындар: Мәскеудегі келіссөздің астарында не жатыр

МӘСКЕУ. KAZINFORM – Кремльде Ресей президенті Владимир Путиннің АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен және кәсіпкер Джаред Кушнермен кездесуі аяқталды. Тараптар Абу-Дабиде өткен Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздердің қорытындыларын, гуманитарлық мәселелерді, аумақтық реттеуді және алдағы диалогтың болашағын талқылады, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Фото: ТАСС

Кездесуге Ресей тарапынан президенттің көмекшілері Юрий Ушаков пен Владимир Мединский, сондай-ақ Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриев қатысты.

Келіссөздердің басында Путин АҚШ президенті Дональд Трампқа украиналық тараппен байланыс орнатуға ықпал еткені үшін алғыс айтты. Оның атап өтуінше, гуманитарлық бағытта белгілі бір оң нәтижелер бар, атап айтқанда, тараптар ұстап отырған адамдарды кезекті рет алмасу жұмыстары дайындалып жатыр.

Өз кезегінде Уиткофф 10–11 қарашада Абу-Дабиде өткен келіссөздерге оң баға берді. Оның айтуынша, Ресей мен Украина өкілдері бір үстел басында отырып, нақты мәселелерді талқылаған.

— Біздің бағалауымызша, келіссөздер өте оң атмосферада өтті. Ресей мен Украина өкілдерінің екі тараптан да белсенді жұмыс істегенін байқадық. Делегациялар бір үстел басында отырып, нақты мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырды, — деді АҚШ президентінің арнайы өкілі.

Ол сондай-ақ екі ел арасындағы ауқымды тұтқын алмасу шарасына дайындық жүріп жатқанын хабарлап, оны осы уақытқа дейінгі ең ірі алмасулардың бірі деп атады.

— Менің ойымша, бұл — қақтығысты реттеу бағытында ілгерілеушілікке қол жеткізіп жатқанымыздың көрсеткіші, — деп атап өтті Уиткофф.

Өз кезегінде Путин Ресей мен Украина омбудсмендерінің қатысуымен гуманитарлық ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды. 

Кездесу барысында аумақтық мәселелер мен болашақ қауіпсіздік архитектурасы да талқыланды. Кушнер қақтығысты аяқтау үшін тараптардың әлі де бірқатар қадамдарды келісуі қажет екенін мойындады.

Кушнердің айтуынша, АҚШ тарапы еуропалық серіктестерімен Ресейдің, Украинаның және Еуропа мемлекеттерінің мүдделерін ескеретін ықтимал қауіпсіздік архитектурасын талқылап жатыр.

Кездесуге қатысушылар келіссөздер үдерісіндегі Еуропаның рөлін де сөз етті. Уиткофф еуропалық өкілдердің Абу-Дабиде болғанын, алайда келіссөздер үстеліне тікелей қатыспағанын нақтылады. Сонымен бірге АҚШ тарапы оларды талқылаулардың барысы туралы хабардар етіп отырған.

Путин Мәскеудің еуропалық мемлекеттермен диалогтан бас тартпағанын айтып, Вашингтонды еуропалық одақтастарымен ортақ ұстанымды келісуге ықпал етуге шақырды.
Мәскеудегі келіссөздерден кейін Уиткофф пен Кушнер Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуді жоспарлайтындарын айтқан. АҚШ өкілдері оған Кремльдегі талқылаулардың нәтижелері туралы ақпарат бермек.

Уиткофф алдағы уақытта үшжақты форматтағы келесі кездесуді жоспарлау туралы ресми түрде жариялауға мүмкіндік болады деген үміт білдірді.

Еске салайық, бұған дейін америкалық келіссөз жүргізушілер Владимир Путинмен кездесу үшін Санкт-Петербургке барғаны туралы хабарлаған едік.